2025 жылғы 10 қарашада Масанчи көшесі, 38 мекенжайында орналасқан А.П. Полусухин атындағы аудиторияда (ОК–7, 2-қабат) В072 – «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттеріне арналған оқу іс-шарасы өтті. Іс-шара өндірістік тәжірибе аясында ұйымдастырылды.
Бұл іс-шара кездесу, дәріс және тренингті біріктіріп, фармацевтикалық және биотехнологиялық индустрияға арналған шешімдерді жобалау мен іске асыру саласындағы жетекші халықаралық компания – «ZETA» ЖШС өкілдерінің қатысуымен өтті.
Дәрістік бөлім барысында компания мамандары студенттерге фармацевтикалық өндіріс алаңдарын жобалаудың заманауи тәсілдерімен, инженерлік модельдеудің цифрлық құралдарымен және салада қолданылатын халықаралық стандарттармен таныстырды.
Дәріс пен тәжірибелік тренингті «ZETA» ЖШС мамандары өткізді:
– Елена Голубева – ғимараттар, инженерлік жүйелер мен желілерді жобалау және салу жөніндегі директордың орынбасары;
– Кристина Гешвинде – жоба менеджері;
– Екатерина Масленникова – инженер-технолог;
– Мұхамеджан Қожан – инженер-технолог.
Тренингтің интерактивті бөлімінде студенттер топтарға бөлініп, технологиялық процестерді жобалаушы рөлін орындап көрді. Оларға өнім дайындауға арналған жобаны әзірлеу тапсырылды, бұл ретте фармацевтикалық өндіріс жобалауында қолданылатын жоспарлау, логика және ағымдылық принциптері қолданылды. Мұндай формат студенттердің алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітуге, сондай-ақ топтық өзара әрекет пен аналитикалық ойлауды дамытуға мүмкіндік берді.
Іс-шара шығармашылық және шабыттандыратын атмосферада өтті: студенттер белсенділік танытып, сұрақтар қойып, кәсіби дамуға қызығушылықтарын көрсетті. Кездесу соңында барлық қатысушыларға дәріс пен тренингтен өткенін растайтын сертификаттар табысталды.
«ZETA» ЖШС өкілдерімен өткен кездесу өндірістік тәжірибенің маңызды бөлігіне айналып, студенттердің фармацевтикалық инжиниринг саласындағы кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға және ҚазҰМУ-дың өнеркәсіптік ұйымдармен серіктестік байланыстарын нығайтуға зор үлес қосты.





