Өндірістік және дипломалды практиканы өту бойынша нұсқама

С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 2026 жылғы 20 қаңтарда «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы (ФӨТ)» білім беру бағдарламасының 3 және 4-курс студенттерімен кездесу өтті. Кездесу аясында «Дәрілік заттардың өнеркәсіптік технологиясы» пәні бойынша өндірістік практиканы өту тәртібі туралы нұсқама жүргізілді.

Сонымен қатар, 4-курс студенттері үшін «Дәрілік препараттарды жобалау және өндіру» пәні бойынша дипломалды практиканы өту жөнінде нұсқама ұйымдастырылды. Дипломдық жұмыстарды орындау студенттердің ғылыми жетекшілерімен бірлесіп, профильдік өндірістік ұйымдардың базасында жүзеге асырылады.

Нұсқама фармацевтикалық технология кафедрасы, инженерлік пәндер және тиісті тәжірибелер кафедрасы, сондай-ақ деканаттың бірлесуімен ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында студенттерге өндірістік және дипломалды практиканың мақсаттары мен міндеттері, оларды өтуге қойылатын талаптар, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау ережелері, сондай-ақ практика базаларымен өзара іс-қимыл тәртібі түсіндірілді.

Практика күнделіктерін рәсімдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Студенттерге күнделіктің құрылымына қойылатын талаптар, күн сайынғы жазбаларды орындау ережелері (күндері, атқарылған жұмыс түрлері және игерілген кәсіби дағдыларды көрсету), сондай-ақ практика жетекшісінің қолдары, мөрлердің болуы (қажет болған жағдайда) және практика күнделіктері мен қорытынды есепті тапсыру мерзімдері түсіндірілді.

Нұсқама қорытындысы бойынша студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, өндірістік және дипломалды практиканы сәтті өтуге арналған ұсыныстармен танысты.