Фармация мектебінің биотехнология және жалпы химиялық технология кафедрасы «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» (Биологиялық және биотехнологиялық препараттар бағыты) және «Фармация» (Фармацевтикалық биотехнология бағыты) білім беру бағдарламалары аясында ғылыми-білім беру әлеуетін белсенді түрде дамытып келеді. Кафедраның негізгі мақсаты – биологиялық және фармацевтикалық өнімдерді алу мен талдаудың заманауи технологияларын меңгерген жоғары білікті мамандарды даярлау.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы аясында кафедрада Жапаркулова Қ.А. жетекшілігімен «Оңтүстік Қазақстан аймағының дәрілік өсімдіктері негізінде өсімдік субстанцияларын өндірудің толық циклін әзірлеу» тақырыбында ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылуда.
Жоба шеңберінде Оңтүстік Қазақстан аймағының 66 өсімдік түрі зерттеліп, фармакогностикалық талдау, өсімдік түрлерінің тізімін және олардың түрлік мәртебесін анықтау, дәрілік өсімдіктердің табиғи қорларын бағалау, көбею және қайта қалпына келу ерекшеліктерін зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Ғылыми-зерттеу міндеттерін тиімді орындау және студенттердің тәжірибелік даярлығын жетілдіру мақсатында кафедра заманауи зертханалық жабдықтармен қамтамасыз етілді:
– IKA RV 8 ротациялық буландырғышы (салқындату жүйесі мен сорғысы бар), ол фармацевтикалық өнімдер (экстракттар) алу, еріткіштерді айдау және экстракттарды кептіру үшін қолданылады;
– CAMAG УФ-кабинеті, ол жұқа қабатты хроматография (ЖҚХ) әдісімен биологиялық белсенді қосылыстарды сәйкестендіру және талдау, дәрілік өсімдік шикізатының түпнұсқалығын бақылау және ультракүлгін жарықта флуоресценциясы бойынша экстракттардың сапасын бағалау үшін пайдаланылады.
Аталған жабдықтар кафедраның эксперименттік зерттеулер жүргізу және фармацевтикалық субстанцияларды әзірлеу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.
2025 жылдың 21 қазанында сағат 13:00-де Б. Атчабаров атындағы ФПМ ҒЗИ ғимаратында (205 аудитория) «Лаборин» ЖШС инженер-сарапшыларының қатысуымен жабдықты пайдалану бойынша оқыту тренингі өтеді. Тренинг соңында қатысушыларға оқудан өткені туралы сертификаттар табысталады.
Болашақта магистранттар, докторанттар және кафедра студенттері үшін каскадтық оқыту жүйесі ұйымдастырылып, бұл фармация мектебінде студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын (СҒЗЖ) дамытуға және ғылыми әлеуетті арттыруға ықпал етеді.
