2025 жылғы 6 мамырда С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Фармация мектебінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған еске алу іс-шарасы өтті.
Іс-шара «Ұлы Жеңіске – 80 жыл: Ұрпақтар жадындағы ерлік» атты фотогалерея көрмесінен басталды. Көрмеде Фармация мектебі қызметкерлерінің әкелері мен аталарының жауынгерлік жолдарын бейнелейтін бірегей тарихи фотосуреттер ұсынылды. 2-оқу ғимаратының фойесінде өткен көрмеден халқымыздың батырлығы мен төзімділігі айқын көрініс тапты.
Кештің негізгі бөлімі үнсіздік минутасымен басталып, майдан даласында қаза тапқандарға тағзым етілді. Одан кейін модератор, қауымдастырылған профессор Омаркулова Н.С. Роберт Рождественскийдің «Реквием» поэмасынан үзінді оқыды.
Фармация мектебінің деканы, фармацевтика ғылымдарының докторы Сакипова Зуриядда Бектемірқызы жастар арасында соғыс туралы естеліктерді сақтау маңыздылығына ерекше тоқталды.
Іс-шара аясында қазақстандық батырлар туралы деректі фильм көрсетіліп, соғыс жылдарындағы әндер Фармация мектебінің оркестрімен орындалды. Сонымен қатар оқытушылар мен студенттердің тақырыптық баяндамалары тыңдалды. Профессор Кизатова Майгүл Жалелқызының Кеңес Одағының Батыры, өз әкесі – Жәлел Қизатов туралы естелігі жиналғандарды ерекше толқытты. Батырға арналған деректі фильм де көрермен назарына ұсынылды.
Іс-шараның әсерлі қорытындысы – студент Сағымжан Айғаным Жәнібекқызының орындауындағы «Әлия» әні болды. Кеш соңында қатысушылар ұжымдық естелік фотосуретке түсті.
Батырлар есімі – мәңгі жадымызда. Оларды еске алып, ерлігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз.