2025 жылғы қыркүйек айында «Super-Pharm» ЖШС-не С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессорлары – Қожанова Қалданай Қаржауқызы мен Ибрагимова Лилия Николаевна барды. Профессорлар кәсіпорынның өндірістік қуатымен, бір рет қолданылатын медициналық киімдер мен төсек-жабдықтар дайындау технологиясымен, сондай-ақ сапа менеджмент жүйесімен танысты. Олардың пластиктен жасалған бұйымдар, инфузиялық ерітінділерге арналған жүйелер, қан құюға арналған құрылғылар және бірреттік шприцтер шығаратын стерильді блок ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл өндірістің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және халықаралық талаптарға сәйкестігін атап өтуге мүмкіндік берді.
Кездесу барысында студенттердің тәжірибелік даярлығы, бірлескен ғылыми зерттеулер мен тағылымдамаларды кәсіпорын базасында өткізу мүмкіндіктері талқыланды. Компания басшылығы еліміздің жетекші медициналық ЖОО-мен ынтымақтастық отандық фармацевтикалық саланы дамыту мен кадрлық әлеуетті нығайтудың маңызды факторы екенін атап өтті.
«Super-Pharm» ЖШС – 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, бір рет қолданылатын медициналық киімдер мен тоқыма емес материалдардан жасалған бұйымдардың заманауи қазақстандық өндірушісі. Кәсіпорын Еуропа мен Азияның жетекші компанияларының жабдықтарымен қамтылған, ISO 13485:2003 стандарты бойынша жұмыс істейді және шикізаттан бастап дайын өнімге дейін толық өндірістік циклді қамтамасыз етеді. Өнім ассортименті кең ауқымды қамтиды: медициналық киімдер мен төсек-жабдықтар, жеке қорғаныс құралдары, таңу материалдары, арнайы жиынтықтар, пластикалық бұйымдар, инфузиялық ерітінділерге арналған жүйелер, қан құюға арналған құрылғылар және бір рет қолданылатын шприцтер. Компания өнімдері республикадағы медициналық мекемелерде кеңінен қолданылады және заманауи сапа мен қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келеді.