2025 жылғы 29 мамырда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қабырғасында «Шипагерлік баян – қазақ медицинасының теориялық негізі» атты ғылыми конференция өтті.
Іс-шараны Фармация мектебі, Фармацияның ұйымдастырылуы, басқарылуы және экономикасы және клиникалық фармация кафедрасы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, «Өтейбойдақ» қоры және «ALMATY MED-PHARM GROUP LTD» фармацевтикалық компаниясы бірлесе ұйымдастырды.
Конференция модераторы – Нұрдәулет Жұмабаев, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Өмір және денсаулық туралы ғылымдар орталығының бас академиялық қызметкері.
Конференцияға еліміздің белгілі ғалымдары, дәрігерлері, дәстүрлі медицина зерттеушілері, ғылыми қоғам өкілдері қатысты.
Қатысушылар XV ғасырдың ұлы ғалымы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының бірегей медициналық еңбегі – «Шипагерлік баян» кітабының теориялық және практикалық маңызын, оның қазақтың дәстүрлі медицинасының іргетасы ретіндегі рөлін кеңінен талқылады.
Конференцияда қаралған негізгі тақырыптар:
-
Қазақтың дәстүрлі медицинасындағы тарихи мұра мен қазіргі көзқарас
-
«Шипагерлік баян» еңбегіндегі медициналық және фармацевтикалық тәсілдер
-
Өтейбойдақ еңбегін зерттеудегі халықаралық тәжірибе
-
Дәстүрлі және қазіргі медицинаны біріктірудің болашағы
Салтанатты бөлім:
Конференция соңында «Шипагерлік баян» еңбегіне арналған екі жаңа кітаптың тұсаукесері өтті:
-
«Алты өзегі тұғыр, жиырма екі таяныш» – авторы: Әрін Саржан (ҚХР)
-
«Шипагерлік баянның шыңы» – құрастырушылар: Әлімжан Әшімұлы мен Тоқтар Баубек
Тұсаукесер рәсіміне елімізге танымал ғалымдар, жазушылар және медицина саласының өкілдері қатысты.
Бұл конференция – қазақ медицинасындағы ұлы мұраға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және ғылыми қауымдастықтың шипагерлер қалдырған асыл білімді зерттеп, насихаттауды жалғастырып жатқанын көрсетті.