«Дәрілік заттарды қауіпсіз жою» тақырыбында дөңгелек үстел

2026 жылғы 5 наурызда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінде Фармация Мектебінің фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының ұйымдастыруымен «Дәрілік заттарды қауіпсіз жою» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға дәрілік заттар мен медициналық қалдықтарды қауіпсіз жою мәселелерін талқылау мақсатында академиялық, ғылыми қауымдастық және практикалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел жұмысына «Жұқпаға Қарсы Препараттар Ғылыми Орталығы» АҚ, Қазақстан-Ресей Медициналық Университетінің өкілдері, сондай-ақ С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ботаника курсымен фармакогнозия кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тұтыну қасиеттерін жоғалтқан немесе жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттарды қауіпсіз жоюдың заманауи тәсілдерін талқылау, сондай-ақ фармацевтикалық қалдықтарды басқарудың экологиялық аспектілерін қарастыру болды. Дәрілік заттарды жою заңнамалық деңгейде реттеледі және пайдаланылмаған немесе жарамдылық мерзімі өткен препараттарды арнайы лицензиясы бар ұйымдардың жоюын талап етеді. Жарамсыз күйге түскен, жарамдылық мерзімі өткен, фальсификацияланған және Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес келмейтін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жою тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау Министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы №114 бұйрығымен реттеледі.

Қазақстан Республикасында дәрілік заттар мен медициналық қалдықтарды басқару және жою мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамалық бастамалар мен тәжірибелерді қарастыру өзекті болып табылады. Бұл мәселені талқылау мемлекет деңгейінде дәрілік заттар мен медициналық қалдықтарды дұрыс басқармау жағдайларының алдын алу мақсатында қабылданатын заңнамалық шаралар туралы түсінікті кеңейтуге, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың ұсынымдары, әкімшілік шаралар және әлемдік тәжірибелерді ескеруге бағытталған.

Қазіргі таңда дәрілік заттарды жою мәселесі тек денсаулық сақтау саласының ғана емес, сонымен қатар экология мен қоғамдық қауіпсіздіктің де маңызды мәселелерінің бірі болып отыр. Дәрілік заттарды дұрыс жоймау бактериялардың антибиотиктерге төзімділігінің артуына, кездейсоқ улану немесе дәрілік заттарды заңсыз пайдалану қаупінің туындауына, сондай-ақ су мен топырақтың улы заттармен ластануына әкелуі мүмкін.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жою саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық талаптар мен халықаралық тәжірибені қарастырды.

«Жұқпаға Қарсы Препараттар Ғылыми Орталығы» АҚ өкілдері (Калиймбекова А.А., GxP сапаны қамтамасыз ету қызметі бөлімінің бас маманы) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қауіпсіз жою шараларын тәжірибеде жетілдіру және осы міндеттерді мамандандырылған ұйымдармен келісімшарт негізінде шешу мүмкіндіктері жөнінде тәжірибелерімен бөлісті.

Ал фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының өкілдері (Бошкаева А.К., фармацевтика ғылымдарының докторы, кафедра меңгерушісі), Қазақстан-Ресей медициналық университетінің өкілдері (Каюпова Ф.Е., фармацевтика ғылымдарының кандидаты, фармация кафедрасының меңгерушісі; Маржан Бауыржанқызы, аға оқытушы, техника ғылымдарының магистрі) дәрілік заттарды жою мәселесін заңнамалық деңгейде реттеу және зертханаларда дәрілік препараттарды дұрыс жою мәселелеріне арналған баяндамалар жасады.

Дөңгелек үстел белсенді кәсіби пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өзара пікірлері мен тәжірибелерімен бөлісіп, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қауіпсіз жою саласындағы болашақтағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.

Осындай іс-шараларды өткізу ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ фармацевтикалық қалдықтарды басқару мәселелеріне қатысты экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.