Фармация мектебінің студенттері үшін биологиялық эквиваленттілік және биожетімділік бойынша дәріс

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің фармацевтикалық технология кафедрасында 2025 жылғы 24–28 қараша аралығында «Фармацевтикалық технология» пәні бойынша фармацевтикалық ғылымдар докторы, дәрілік түрлер технологиясы кафедрасының доценті Умарова Фирузa Алишеровна академиялық ұтқырлықтан өтті.

Фармация мектебінің 4 курс студенттерінің дипломалды тәжірибесі аясында 2025 жылғы 26 қараша күні Фирузa Алишеровна «Биологиялық эквиваленттілік: негізгі ұғымдар, зерттеу объектісі, анықтау әдісі. Биожетімділік, биожетімділіктің түрлері» тақырыбында дәріс оқыды.

Дәріс барысында дәрілік заттардың биологиялық эквиваленттілігін бағалаудың негізгі аспектілері, биожетімділікті анықтаудың заманауи тәсілдері және бұл көрсеткіштердің фармакотерапияның тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызы қарастырылды. Студенттер зерттеу әдістерін фармацевтикалық тәжірибеде қолданудың ерекшеліктері бойынша сұрақтар қойып, пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Іс-шара болашақ мамандардың кәсіби білімін кеңейтіп, білім беру үдерісі мен практикалық фармация арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті.