«Ғылым мен өндірістің стратегиялық серіктестігі: фармацевтикалық әзірлемелердің сапасына жаңа тәсілдер»

2025 жылдың 28 мамырында «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС базасында «Quality by Design (QbD) тұжырымдамасы шеңберінде экспериментті жоспарлауда статистикалық әдістерді қолдану» тақырыбында мастер-класс өтті. Іс-шара С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Фармация мектебінде магистранттар мен докторанттарды тәжірибе-бағдарлы даярлау аясында ұйымдастырылып, университеттің Қазақстандағы жетекші фармацевтикалық кәсіпорындармен стратегиялық серіктестігінің маңызды бөлігі болып табылады.

Мастер-классты «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС жоспарлау және операциялық тиімділік департаментінің басшысы, Six Sigma әдістемесі бойынша «Қара белбеу» деңгейіндегі сертификатталған маман Ридванов Чахо Ибрагимұлы жүргізді. Іс-шара барысында қатысушылар таблеткаларды әзірлеу мысалында QbD тұжырымдамасы шеңберінде эксперименттерді жоспарлау және талдау үшін статистикалық құралдарды қолданудың практикалық білімдері мен дағдыларын алды. Әсіресе таблеткалардың құрамын және алу технологиясын оңтайландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды, бұл заманауи фармацевтикалық әзірлемелердің өзекті міндеті болып табылады және дайын өнімнің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Осындай білім беру бастамалары университет пен өндіріс арасындағы өзара әрекеттесуді нығайтуға, болашақ мамандардың фармацевтикалық әзірлемелер саласындағы кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға және олардың қазіргі фармацевтикалық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.