«Идеядан диссертацияға дейін: профессор Марлен Махмудович Есиркеповпен мотивациялық кездесу»

2025 жылдың 25 қарашасында С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Фармация мектебінде профессор Марлен Махмудович Есіркеповтың қатысуымен «Ғылыми зерттеу әдістемесі: жарияланудан диссертацияға дейін» тақырыбында мотивациялық кездесу өтті. Кездесу 4 курс студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға арналып, олардың ғылыми дайындығының сапасын арттыруды мақсат етті.

Спикер Есиркепов Марлен Махмудович — фармацевтикалық ғылым саласындағы тәжірибесі мол, танымал зерттеуші, ғылыми-педагог. Гранттық ғылыми жобалардың жауапты орындаушысы және ғылыми жеткшісі, Хирша индексі 20 (Scopus) және 19 (Web of Science), сондай-ақ Бірінші Президент – Елбасы Қорының ғылым мен техника саласындағы сыйлығының лауреаты (2014), «Ең үздік ғылыми қызметкер – 2022» сыйлығының лауреаты, «Денсаулық сақтау саласындағы ең үздік ғалым – 2024» сыйлығының лауреаты.

Кездесу барысында профессор зерттеуді жоспарлау, жүргізу және рәсімдеудің заманауи тәсілдерін, ғылыми жұмыстың негізгі кезеңдерін атап өтті. Тақырыпты дұрыс таңдау, мақсат пен міндеттерді нақтылау, әдіснаманы әзірлеу, дереккөздермен жұмыс істеу және зерттеу нәтижелерін интерпретациялау, жүргізілген зерттеу жұмысын оң нәтижелермен аяқтау сияқты маңызды аспектілерге тоқталды. Сондай-ақ жас зерттеушілер жиі жіберетін қателіктер мен ғылыми мәтіннің сапасын арттыру жолдары кеңінен түсіндірілді.

Студенттер, магистранттар мен докторанттар спикерге белсенді түрде сұрақтар қойып, ғылыми жетекшімен тиімді жұмыс істеу, қорғауға дайындық және диссертациялық жұмыстарына қойылатын талаптар бойынша пайдалы кеңестер алды. Мұндай кездесулер білім алушылардың ғылыми мәдениетін нығайтуға, зерттеу дағдыларын қалыптастыруға және ғылыми потенциалдық дамуына деген ынтасын арттыруға айтарлықтай ықпал етеді.