С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің Фармация мектебі, Фармацевтикалық технология кафедрасында орналасқан 2-оқу ғимараты, 126-аудиториясында 2025 жылғы 3 маусым күні “Индонезия кабинетін” ашу салтанаты өтті.
Аталған кабинет – Қазақстан мен Индонезия арасындағы достықты нығайтуға, мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Бұл жоба студенттердің халықаралық байланыстарын кеңейтуге және олардың жаһандық ойлау қабілетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Іс-шараға Индонезиядан арнайы келген құрметті қонағымыз, Бандунг технологиялық институтының визитинг-профессоры Tjahjono Daryono Hadi қатысты. Профессор Tjahjono Daryono Hadi өз сөзінде Қазақстан мен Индонезия арасындағы достық қарым-қатынасқа тоқталып, екі елдің мәдениеті мен білім беру салаларындағы ұқсастықтары мен ынтымақтастығы жайлы атап өтті.
Сонымен қатар, профессор қатысушыларға Индонезия мемлекеті туралы мазмұнды презентация ұсынып, елдің тарихы, мәдени ерекшеліктері, жоғары білім беру жүйесі мен ғылыми жетістіктері туралы қызықты мәліметтермен бөлісті.
Салтанатты шараға университеттің оқытушылары, білім алушылары мен шетелдік қонақтар қатысты. Келген қонақтарға алғысымызды білдіре отырып, бұл тарихи сәттің куәсі болған барша қатысушыларға зор ризашылығымызды білдіреміз!