«18 наурыз – Ұлттық киім күніне» арналған ашық кураторлық сағат

Фармация мектебінің деканы З.Б. Сакипованың 2026 жылғы 11 наурыздағы №Shyǵys04-01-06-24-134 өкіміне сәйкес, фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасында «18 наурыз – Ұлттық киім күніне» арналған ашық кураторлық сағат ұйымдастырылды. Іс-шараға кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттер және қонақтар қатысты.

Аталған кураторлық сағат 2024 жылдан бері қалыптасқан Наурыз мейрамы аясындағы Наурызнама онкүндігіне орай өткізілді. Іс-шара барысында ұлттық киім үлгілерін насихаттауға, олардың заманауи сәнмен үйлесіміне назар аударылып, сонымен қатар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктеріне ерекше мән берілді.

Кураторлық сағат барысында жүргізушілер Наурызнама онкүндігінің мазмұны мен маңызына тоқталып, 14–23 наурыз аралығындағы әр күннің өзіндік тәрбиелік және рухани мәні бар екенін атап өтті. Соның бірі – 18 наурыз «Ұлттық киім күні» екені айтылды.

Іс-шараны куратор А.К. Калдыбаева ашып, ұлттық киімнің ұлт болмысындағы орны мен тәрбиелік мәніне жан-жақты тоқталды. Студенттер қазақтың ұлттық киімдері туралы мазмұнды презентация ұсынып, олардың тарихы мен ерекшеліктерін кеңінен таныстырды.

Кураторлық сағаттың негізгі мақсаты – жастар арасында ұлттық киімнің маңызын насихаттау, оның рухани құндылығын түсіндіру және ұлттық мұраға деген құрметті қалыптастыру болды.

Іс-шара барысында әдеби бөлім ұйымдастырылып, көктем тақырыбындағы өлең шумақтары оқылды. Музыкалық бөлімде «Балбырауын» күйі орындалып, ұлттық өнердің көркемдігі көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Сонымен қатар, қазақ халқының маңызды салт-дәстүрлерінің бірі – «Сырға салу» рәсімі сахналанып, оның мазмұны мен тәрбиелік мәні кеңінен түсіндірілді. Бұл көрініс студенттердің ұлттық дәстүрлерге деген қызығушылығын арттырды.

Білім алушылар ұсынған бейнероликте ұлттық киімді заманауи технологиялар арқылы жаңаша дәріптеу жолдары көрсетілді. Бейнероликтің ерекшелігі – топ кураторы мен білім алушылардың бет-бейнесі жасанды интеллект көмегімен өңделіп, ұлттық киімдер үлгісіндегі сән көрсетілімі форматында ұсынылуы болды. Бұл шығармашылық жұмыс көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Әсіресе, білім алушылар өздерін экраннан жаңа форматта көріп, қуаныш пен таңданысқа толы эмоцияларын жасыра алмады.

Кураторлық сағат соңында жәрмеңке ұйымдастырылып, іс-шара қорытындысы ретінде кафедра меңгерушісі А.К. Бошкаева ізгі тілегін білдіріп, бата берді.

Аталған кураторлық сағат білім алушылардың ұлттық киімге деген құрметін арттыруға, оның тарихи-мәдени маңызын терең түсінуге және ұлттық болмысты дәріптеуге бағытталған мазмұнды әрі тәрбиелік мәні жоғары шара болды. Сонымен қатар, іс-шара барысында ұлттық киім арқылы мәдени мұраны насихаттау мен дәстүрді заманауи үрдістермен үйлестіре білу идеясы кеңінен көрініс тапты.