С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Фармация мектебінің «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Туреханқызы Гүлназ «ТМД ҮЗДІК МАГИСТРАНТЫ» халықаралық байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Аталған халықаралық байқау ТМД елдері жастарының ғылыми-зерттеу қызметін қолдау, инновациялық ойлау қабілетін дамыту және талантты жас ғалымдарды анықтау мақсатында ұйымдастырылады. Байқау аясында қатысушылардың ғылыми жұмыстарының өзектілігі, зерттеу әдістемесінің сапасы, практикалық маңыздылығы және ғылыми жаңашылдығы жан-жақты бағаланады.
Туреханқызы Гүлназ аталған байқауда өз ғылыми-зерттеу жұмысының жоғары деңгейін көрсетіп, кәсіби дайындығы мен ғылыми әлеуетінің мықтылығын дәлелдей алды. Бұл жетістік оның ғылымға деген қызығушылығы мен жүйелі еңбегінің, сондай-ақ заманауи фармацевтикалық ғылым талаптарына сай дайындалғанының айқын көрінісі болып табылады.
Магистранттың ғылыми жетістігі – тек жеке табыс қана емес, сонымен қатар университетіміздің білім беру және ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелілігін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Мұндай жетістіктер жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруға, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға үлкен үлес қосады.
Аталған ғылыми жетістікке жетуде магистранттың ғылыми жетекшілерінің еңбегі ерекше.
Ғылыми жетекшілері:
– Серикбаева Эльмира Асилбековна – PhD, қауымдастырылған профессор;
– Блатов Равиль Мустафаевич – PhD, «Johnson & Johnson» ЖШС компаниясының коммерциялық операциялар және нарыққа кіру менеджері;
Жетекшілердің кәсіби бағыт-бағдары, ғылыми кеңестері мен қолдауы магистранттың табысты нәтижеге жетуіне зор ықпал етті.
Туреханқызы Гүлназ жоғары жетістігімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы ғылыми қызметіне шығармашылық табыс, тың идеялар мен жаңа жетістіктер тілейміз! Университетіміздің абыройын асқақтатып, ғылым жолында биік белестерді бағындыра беретініне сенім білдіреміз.



