1-3 қазан 2018 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі күйші Құрманғазының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматыда өтілген «Құрманғазы және дала сазы» атты Халықаралық фестиваліне фармация мектебінің 2-курс студенттері қатысты.
Қатысушылар: Фармация мектебінің 2-курс студенттері
Модератор: Жастар саясатының басқармасы, химия және фармацевтикалық пәндер кафедрасының доценті К.К.Шекеева
Құрманғазы күйшінің алғашқы шығармаларының бірі – “Кішкентай”. Бұл күй көтеріліс басшысы Исатайға арналған. Оның шығарған “Ақбай”, “Ақсақ киік”, “Көбік шашқан”, “Түрмеден қашқан”, “Адай” деген күйлерінде нұрлы болашақ, халық үміті, үстем тапқа деген ыза-кек шебер суреттеледі. Күйші “Сарыарқа” күйі арқылы туған жерді, кең байтақ даланы көз алдына келтіреді. Құрманғазы күйлері тыңдаушысын бай сазымен, кербез нақышымен, жігерлі қуатымен борандатып, ұшқыр екпінімен баурап əкетеді. Күйлерінің көпшілігінің тақырыбы бар, құрылымы жағынан бір жүйеге түскен ауқымды туындылар. Күйші домбыраның орындау əдістерін, аспаптың дыбыстық жəне техникалық бай мүмкіндіктерін мейлінше толық қолдана білген. Құрманғазы күйлерінің ерекшеліктеріне – күйдің шарықтау шегінің, яғни кіші саға мен үлкен сағаның жазыла түсуінің арқасында домбыра диапазоны толық игеріліп, күйдің өзіндік өлшемі мен ырғағы шығарманың өне бойында ауытқымай сақталып отырады. “Балбырауын”, “Ертең жетем”, “Бұқтым-бұқтым”, “Балқаймақ”, “Боз қаңғыр”, “Не кричи не шуми”, “Айжан-ай”, “Лаушкен” т. б. көптеген күйлері жайлы төменде толық анықтамалар беріледі: “Қайран шешем” – Құрманғазының күйі. Ақбайдың шабармандары Құрманғазыны арбаға байлап жүргелі жатқанда шешесі Ақбаланы көреді. Əлпештеп өсірген анасына əлі күнге дейін қайырымды іс істемегеніне өкініп, енді тағы міне айдалып бара жатқанын ойлап, көзіне жас кеп, шешесінің қасына келеді. “Мен ұл таптым деп жүрсем, жаман, жасық немені туған екем ғой. Кімнің алдында көзіңнен жас шығарып тұрсың?” – деп, жағына шапалақпен тартып жібереді. Құрманғазы өзінің қателігін түсінеді. Орал түрмесінде жатқанда осының бəрін ойлап, шешесіне арнап “Қайран шешем” атты күйін шығарады. Күй күйшінің қапастағы халін баяндағандай баяу басталады да, бірте-бірте əсерленіп, шабыттана төгіледі.
Құрманғазы атамыздың қай күйін алмайық, адамға әсері мен тәрбиелік мәні өте зор. «Нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырзағалиевтің айтқанындай, Құрманғазы атамыздың күйлері қазақ өмірінің тілсіз тамыршысы, азаткерлік рухының ұраншысы іспетті.