ХАЛЫҚ АСПАПТАР МҰРАЖАЙЫ – ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ МӘЙЕГІ

07.03.2019 жылы фармация мектебінің студенттерімен Ықылас Дүкенұлы атындағы Халық музыкалык аспаптар мұражайына мәдени серуен жасалып, мұражайдың концерт залында дәстүрлі музыкалық концерт тамашаланды.

Ұйымдастырушылар: Жастар саясатының басқармасы мен химия және фармацевтикалық пәндер кафедрасында тәрбие жұмысына жауапты Шекеева К.К.

Қатысушылар: Фармация мектебінің студенттері

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жазылғандай, ұлттық жаңғыру – бұл ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. «Ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақтың Халық Музыка Аспаптары Мұражайы – мәдени мекеме.

1981 жылы ашылып, 1990 жылы Ықылас Дүкенұлы есімі берілген. Мұражай ғимараты 1903жылы археолог А.П.Зенковтың жобасы бойынша салынған сәулет өнерінің ескерткіші. Онда 9 көрме залы, әкім., шаруашылық және қызмет бөлмелері бар. Қазақ халқының музыкалық фольклоры туралы, музыка аспаптарының тарихы, аспаптық музыка өнерінің қазіргі жағдайы жайлы мол мағлұмат беретін мұражайдың құрылу, қалыптасу және даму тарихы белгілі мәдениет және қоғам қайраткерлері, академик-ғалымдар – Ә.Марғұлан, А.Машани, О.Хаймолдин, Б.Сарыбаев, т.б. есімдерімен тығыз байланысты. Мұражайға көне түркі дәуіріне жататын “Бақсы тас”, ішінде тас моншақтары бар уілдекті “дүңгіршек”, көне қыпшақ дәуіріндегі үрлемелі “саз сырнай”, Оңтүстік Қазақстан өңірінен табылған “Күйші” аталатын тас мүсін, көне Ақтөбе орнынан табылған ысқырық аспабы, т.б. қойылған. Сондай-ақ, мұнда қос ішекті, қуыс мойын, кең шанақты, екі жақты деп аталатын домбыра түрлері, нарқобыз, қылқобыз, жезқобыз, сазген, шертер, дұдыға, тоқылдақ, тұяқтас, шартылдауық, сақпан, сырнай, шаңқобыз, жетіген, желбуаз, шыңдауыл, т.б. сирек кездесетін музыка аспаптары жинақталған.

18 ғасырда өмір сүрген бақсы-жырау Жарастың көне нарқобызы, Абайдың үш ішекті домбырасы, Мұрын, Дина, Әбікен, Біржан сал, Махамбет, Жамбылдың домбыралары, аспапшы-шебер Қ.Қасымұлының қобызы, т.б. тарихи мұралар бар. Мұражайда ұлттық аспаптармен қоса, түркі тектес халықтар мен шет ел халықтарының үш жүзден аса музыкалық аспаптары қойылған тұрақты көрме залы жұмыс істейді. Бұл коллекцияларды жинап, сақтау, зерттеу және насихаттау ісімен ғылыми-қор, ғылыми-зертхана және ғылыми-насихат бөлімдері айналысады. Тарихи мұралар Югославияда (1982) , Делиде (1984), Мәскеуде (1985), Алжирда(1987), Францияда (1988), АҚШ-та (1989), т.б. елдерде өткен халықар. жәрмеңкелердің мәдени шараларына арналған көрмелерінде көрсетілді. Бұл істе мұражай қызметкерлерінің күшімен құрылған “Сазген” көне аспаптар ансамблінің рөлі зор.

Қазақ халқының музыкалық мәдениетінің басты символы әрі ұлы аспабы домбыра екендігі сөзсіз. Онсыз бірде–бір шара өтпейді. Көшпенділер заманында да, қазіргі заманда да солай. Шертпелі, екі ішекті аспап түрлі мамандық иелерінің, діні мен ұлты басқа жандардың басын қосады. Домбыраның күмбірлеген дыбысы терең ой-толғауларды сөзден артық жеткізе алады.

Домбыра Қазақстанның 7 ұлттық қазынасының бірі десек те болады. 2007 жылы отандық ғалымдар мемлекет пен халықтың рухани дамуына, соның ішінде қалыптасуына ықпал еткен 7 ерекше мәдени құбылысты анықтаған. Бұл тізімге домбыра, Тамғалы шатқалында тасқа салынған суреттер, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Маңғыстаудағы жерасты мешіттер, қазақтың киіз үйі, «Бәйтерек» монументі, Есікте табылған «Алтын адам» кірді. 2010 жылы домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.

Кейбір мәліметтерге сәйкес, домбыраның 4 мың жылдық тарихы бар. 80-ші жылдардың соңында ғалымдар Алматы облысындағы Майтөбе шоқысында тастардан тапқан суреттерде би билеп жүрген адамдар мен домбыраға қатты ұқсайтын музыкалық аспап бейнеленген. Неолит дәуіріне жатқызылған бұл бірегей олжа Алматыда Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде сақтаулы тұр.

Халық арасында домбыра туралы тараған аңыз-әңгімелер көп.

Қазақ халқы домбыраны көне заманнан бері қуанышта да, қайғыда да бірдей қолданып келеді. Олар домбыраның сыңғырлаған үнімен халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, мызғымас құндылықтарын жеткізген. Ал домбырада ойнау өнері мен күйлер ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып отырған. Музыкалық мәдениетте өшпес ізін қалдырған тағы да бір домбырашы Қазанғап. Ол да жастайынан музыкаға қызығушылық танытқан. Кейбір мәліметтерге сәйкес ол 120-дан аса күйдің авторы болып саналады. Күйші өз шығармаларында қоғамда орын алатын өзгерістер, адами қасиеттер, жануарлар әлемі тақырыптарын қозғаған, 1917 жылғы революция оқиғаларын сипаттаған («Окоптар», «Қызыл киіз үй», «Менің дәуірім» және т.б. күйлер).

Қазақ музыкасының тарихындағы жаңа кезең ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы болды. Ахмет Жұбанов баланың дарындылығын байқап, оны музыкалық училищеге апарады. Оның бірінші ұстазы атанып, өнер жолына түсіреді. Нұрғиса Тілендиев 500-ге жуық еңбек жазған, оның ішінде опера, балет, ән-күйлер, романстар, увертюралар және т.б. бар. Ал ең танымалдары «Аққу», «Арман», «Махамбет» күйлері, Куддус Кужамьяровпен бірге жазған «Алтын таулар» операсы. Мұнымен қоса, ұлы композитор қазақ балеті мен операсының ұалыптасуына да көп септігін тигізген.

Ерекше қазақ халық музыкасын сақтауға және дамытуға елеулі үлес қосқан жандардың бірі композитор, дирижер, күйші, домбырашы Қаршыға Ахмедьяров. Әмбебап музыкант ретінде белгілі болған ол қазақ мәдениетінің байлығын барша әлемге паш еткен. Жоғары оқу орындарына арналған көптеген кітаптар мен оқу құралдарының авторы «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш» күйлерін жазған.

Домбыра музыкасы бүгін де белсенді дамып келеді. Қазіргі заманда танымал күйшілердің бірі Секен Тұрысбек. Ол жазған 21 ән мен 14 күйді білмейтін музыкант жоқ шығар. Автордың шығармалары Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ таяу және қиыр шетелдердің үлкен концерттік алаңдарында орындалып жүр. Ең танымал күйлері «Көңіл толқыны», «Ақ жауын», «Өкініш», «Ару ана».

Қазіргі заманның домбырашылары туралы айта келе, композитор-күйші Әбдімомын Желдібаевті де ұмытпағанымыз жөн. Ол 70-тен аса ән мен күйдің авторы, атап айтқанда, «Ерке сылқым», «Арман құс», «Абай арманы».

Шығармашылықтары халық музыкасының дамуына бүгінгі заманда да баға жетпес үлес қосып жатқан ұлы музыканттардың тізімі Төлеген Момбековсыз толық болмайды. Төлеген Момбеков күйші, ҚазКСР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Композитордың бірінші ұстазы – атасы, атақты күйші Бопыш Қожамжаров. Ол Тәттімбет пен Сүгірдің күйлерін жаңаша орындады.

Домбыраға деген қызығушылық әрі музыкалық аспаптың танымалдылығы ешқашан да тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастар көп екендігіне куә болып қайттық.