24 қазан 2023 жылы күні Университеттің Т. Шарманов атындағы «Даңқ» залында Қазақтың тұңғыш шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабы туралы «Шипагерлік Баян – XV ғасырдағы Қазақ медицинасының айнасы» – атты ғылыми конференциясы өтті.
Осыдан 6 жыл бұрын белгілі Шипагерлік баян зерттеуші, жаңа ғылымдар академиясының академигі, кезінде Шинжаң университетінде ұстаз болған, математик Шаяхмет Қалиұлы ағамыздың бастамасымен Шипагерлік баян туралы оннан аса зерттеу кітаптар, мақалалар, Қазақстанның әр жерінде ғылыми конференциялар ұйымдастырылып келеді, Қазақ медицинасының қара шаңырағы болған Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінде осымен үшінші рет дәстүрлі түрде өтіп келеді.
Айтулы шараға Қазақстанның тұңғыш фарм.ғ.д., профессор, академик Кеңесбай Үшбаев, мед.ғ.д., профессор, Кардиолог Армен Рысмендиев, филолог, Қазақстанның үздік баспагері Тұрдақын Жексенбай, C.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ корпоративті даму жөніндегі проректоры, фарм.ғ.д., профессор Датхаев Убайдилла Махамбетович, б.ғ.д., Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университетінің профессоры Қуандық Мусаев сонымен бірге Фармация мектебінің деканы фарм.ғ.д., профессор Сакипова Зуриядда Бектемировна қатысып, Шипагерлік баянды зерттеудің Қазақ медицинасы үшін, Қазақ ғылымы үшін аса құнды еңбек екенін атап өтті.
Бұл ғылыми конференцияға Қытайдан, Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының Шипагерлік баянын негіз етіп, кәсіби маман ретінде әртүрлі емханаларда еңбек етіп жүрген, Қазақ медицинасын іс жүзінде қолданып жүрген дәрігерлер баяндама жасады.
Атап айтсақ, Астанадан арнайы келген «Шипагерлік Баян» зерттеуші, «Шипалы» емдеу орталығы директоры, жоғары санатты дәрігер, Қайрат Айдарханұлы «Шипагерлік баян – Қазақ халқының асыл қазынасы», хирург, «Шипагерлік баянды» зерттеуші, «Шипажай-Каусар» емдеу орталығының директоры, Амантай Әбиденұлы «Шипагерлік баян мен Шығыс медицинасының байланысы», шежіреші, «Шипагерлік баян» зерттеуші Тоқтар Баубек «Шипагерлік баянның Тектелгі бөлімі – Қазақ шежіресі туралы құнды деректер береді», жас Тарихшы, «Шипагерлік баян» зерттеуші, Ертай Жомарт «Шипагерлік баяндағы ұрпақ тәрбиесінің ғылыми маңызы» ал, Қытайдағы Қазақ медицинасын зерттеу орталығында Шипагерлік баян зерттеумен кәсіби түрде айналысып Шипагерлік баян негізінде дәрі жасап жүрген жас маман Арғынбек Қабылқақ «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Өзегітұғыр теориясы», «Шығыс-Мед» клиникасының дәрігері «Шипагерлік баяндағы тоғыз тұғырдың психологиясы мен байланысы» атты баяндамаларын жасады.
Ғылыми конференция соңында 20 жылға жуық «Шипагерлік баянды» зерттеумен айналысып келе жатқан, зерттеуші, ұстаз Шаяхмет Қалиұлы дайындаған «Өтейбойдақ» және «Ғұлама Ғалым – Киелі кітап» атты екі кітаптың тұсауы кесілді.
Ғылыми конференцияда Университетіміздің Ғылыми кітапханасының анықтама-библиография бөлімнің меңгерушісі Елеукенова Салтанат Ахмедуллаевна, кітапханашы Омарова Нургуль Садвакасовна Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының өмірі мен еңбектері және де халық медицинасы бойынша көрме ұйымдастырды.
Ұйымдастыру алқасына, Ғылыми кітапхана ұжымына және конференцияға қатысқан барша профессор оқытуышылар құрамы мен студенттерге айырықша алғыс білдіреміз.
Қазақ медицинасы үшін жасап жатқан қажырлы еңбектеріңіздің жемістерін көріңіздер!!!