13 қазан 2018 жылы Алматы қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы мұражай үйіне саяхат жасалды.
«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» Н. Ә. Назарбаев.
Ұйымдастырушы: Жастар саясаты басқармасы мен химия және фармацевтикалық пәндер кафедрасының доценті Шекеева К.К.
Қатысушылар: фармация мектебінің 2 курс студенттері
Ахмет Байтұрсынұлының Алматы қаласындағы мұражай үйі 1993 жылы ұйымдастырылған. Бұл музейдің ашылуының ерекше тарихы бар. 1988 жылы 4 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы соты 51 жыл «халық жауы» деп қара күйе жағылып келген Ахмет Байтұрсынұлының іс-қимылынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан тергеу барысы тоқтатылсын деген шешім шығарып, тарихи тұлғаның есімі ресми түрде ақталды.
Қоғам қайраткері, тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсыновтың ХХ ғасырдың басында қазақ халқының рухани дамуына қосқан үлесі өте зор.
Музей үй 1,5 қабатты, төрт бөлме және бір бөлмелі жертөледен тұрады. Үшеуі – көрме залы, бір бөлме – ахметтану дәрісханасы. Жертөле – музей мен қоғамдық қор қызметкерлерінің кеңсесі. Музей үйдің қорында ғалым өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық деректі ресми құжаттар, 300-і мемлекеттік мұрағаттан алынған телнұсқалық құжаттар, 12 жеке суреті, 27 ұжымдық деректі суреттер бар.
Саналы өмірін қазақ жұртының тілі, діні, ділі, жері жөніндегі жұмыстарға арнап, өз өмірінде 5 рет сотталып, екі рет жер аударылған тұлғаға қатысты құнды деректер мен қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі жинақтар музейде сақталған.