Түркі әлемінің бесігі –Түркістан
Түркі әлемінің бесігі –Түркістан. Ұлт тарихындағы құндылықтар
ҚР Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында 30.01.2019 жылы 303 ауд. Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналған- Түркістан. Ұлт тарихындағы құндылықтар туралы дөңгелек стол өтілді.
Ұйымдастырушылар: Жастар саясатының басқармасы мен химия және фармацевтикалық пәндер кафедрасының доценті Шекеева К.К.
Қатысушылар: Фармация мектебінің 2-курс студенттері
Қазақстан жерінің тәжі ғана емес,күллі түркі әлемінің бесігі саналған- Түркістан.
Түркістан – көне заманда Шауғар деп атанған. Ұлы Жібек жолының бойында, Қаратау мен Сырдария өзендерінің ортасында орналасқан ежелгі қала. Сол заманда шаһарға тырнадай тізілген қоңыраулы керуендер Батыстан да, Шығыстан да ағылып келіп жататын болған. Мұсылман діні орныққаннан бастап кала Иасы деп аталған. Ақын Қожа Ахметтің Иасауи болатыны осы тұс. Түркістан – VII-XII ғасырларда саяси-экономикалық орталық болды. Түркістан – ХІІ ғасырда мұсылмандар үшін қасиетті мекенге айналды. ХІІ ғасырда сопылық ілімді белсенді ұстанушысы Қожа Ахмет Ясауи осы қалада жерленді. Ясауи өмірден өткен соң қабірінің басына үлкен мазар тұрғызылды. Мазар мыңдаған мұсылмандардың зиярат ететін орнына айналды. Кесенені тұрғызуға ұйытқы болған Әмір Темір болатын. XVІ ғасырдың соңында Түркістан Ахмет Ясауидің әсем де зәулім кесенесінің арқасында Орта Азияның рухани орталығына айналған. 1598-1628 жылдары Есім хан Ясыны Түркістан деп атап, оны Қазақ хандығының орталығы етті. Қазақ хандары XVІІІ ғасырдың соңына дейін билік құрды. Түркістан қаласында қазақ билеушілерінің хан көтеру салтанаттары өтті. Кейінгі ортағасырлық дәуірде Қожа Ахмет Йасауи кесенесі қазақ ханын ақ киізге көтеріп сайлайтын орын болды.
Түркістан қаласы қазақтың бетке ұстарлары мен ақсүйектерінің мәжіліс өткізетін орны саналды. Түркістан қаласы – діни білім мен ортағасырлық ғылым орталықтарының бірі болды. Қалада Абд әл-Ғафур Түркістани жазып кеткен бір топ мектеп пен медресе жұмыс жасады. Түркістан қаласы орта ғасырдың өзінде ірі білім орталығы болды. Шаһардың мәдени өмірінде дәруіш ақындардың, ислам дінін уағыздаушылардың да шығармалары үлкен орын алады.
Арыстан баб кесенесі – көне Отырар жеріндегі сәулет өнерінің тамаша ескерткіші. Ол жерге барған адамның ерекше әсер алатыны белгілі. Өңірге аяқ басқан кез келген турист оңтүстік өңіріне саяхатын осы киелі орыннан бастайды. Қазіргі кезде бұл кесене мұсылман халқының Орталық Азиядағы қажылық міндетті өтейтін киелі жерлерінің бірі болып саналады. Бұл кесене Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстан баб ата құрметіне салынған.
Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі 12 ғ. шамасында қойылған. Сондай-ақ, мазар 14 ғасырда қайта жөнделген. Содан кейін, кесене 20 ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен ауданы 35×12 м, биіктігі 12 м, бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталып, солтүстік жағы кесене, оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жөнделген. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген. XVIII ғасырда құрылыс қиратылып, фриз жазбалары бойынша 1909 жылы қайта салынады. Сондай-ақ, 1971 жылы жоғары деңгейдегі грунт сулары салдарынан мешіт құлатылып, қайта орнатылған. Құрылыс алебастр ерітіндісінде күйдірілген кірпіштен қабырғаның сырт жағына салынған.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі— Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған сәулеттік ғимарат. Ол XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Ясауидің бейітінің басына орнатылған. Бұл кесенеге қай кезде барсаң да, тағзым етіп, дұға-тілектерін оқып жүрген адам саны азаймайды. Әлемнің түкпір-түкпірінен көптеп келетін саяхатшылар да жиі көзге шалынады.
Ахмет Ясауи Отырар қаласында білім алып, Бұхардағы Юсуп Хамадани басқарған сопылар қауымына кіріп, дәруіштік мектептен өтеді. Одан соң, 1140 жылы Юсуп Хамадани, кейіннен оның екі мүритті дүние салған соң, қауымды Ахмет Ясауи басқарады. Бірақ көп ұзамай-ақ «мәртебелі» қызметін тастап, өзінің туған өлкесіне біржола қайтып оралған. Онда софизм идеяларын уағыздап, өзі де оны берік ұстана отырып, жоқшылықта өмір сүреді. Сондықтан да, оны жергілікті халық Әзірет Сұлтан деп атаған.
Деректер бойынша, Домалақ ананың немересі Дулат1456 жылы Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдыртып, ана басына төрт қанатты күмбезделген кесене тұрғызған. Сондай-ақ, Домалақ ана кесенесі XI – X ХІІ ғасырлар аралығында бірнеше рет қайта жөндеуден өткен. Домалақ ана кесенесі жерден 12 м биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, 6 бағаналы болған және негізгі бөлігінің үстіне күмбез орнатылған. Аңыз бойынша: «Домалақ ана кесенесінде екі қасиетті тас бар, осы екі тастың арасынан тек жаны таза адам өте алады», – дейді. 1957 жылы қайта қалпына келтірілген кесене көп сақталмай, 1966 жылы Маңғыстаудан алып келінген ақ тастармен қайта қаланады. Бұл кесенеге зиярат етіп келушілер қатары өте көп.
Қасиетті кесене Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан 60 шақырымдай аумақта, «Серт» деп аталатын елді мекеннен 12 шақырым қашық жерде орналасқан. Кесененің жанында құдық бар. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп құран оқыған соң, тау басындағы құдықтың басына барып су алады. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғанда Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көруге болады.. Келген зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алады.Ол құдықтың қасиеттілігі сонша, су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейді. Мұны: «шелек тастап отырған адамның жасаған күнәларының кесірі», – дейді.
Халық арасында айтылатын аңызда: «Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың замандасы, сенімді серігі әрі күзетшісі, Ислам дінін таратушы болған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен кейін Үкаша сахабаның денесіне атса оқ, шапса қылыш өтпеген,жау жеңе алмаған. Ол тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер Үкаша ата таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Содан, жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жерасты өзен арқылы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға жетіпті», – делінген.».
Түркістан өлкесінің адам сенгісіз тылсым сырларын айтып тауысу мүмкін емес. Сондықтан да бұл өлке жайлы аңыз-әңгімелер ғасырдан-ғасырға жетіп, ел аузында жатталып қалған. Орталық Азия халықтары үшін киелі атанған бұл өлкенің бізге беймәлім тұстары, ашылмаған сырлары әлі де көп. Сондықтан да, адамзаттың тал бесігі атанған бұл мекен Оңтүстік өңірдің туризм орталығына айналуы тиіс деп есептеймін. Тек қазақ елінің ғана емес, барша түркі халықтарының өткені саналатын бұл тарихи ескертіштер, кесенелер, таулар, қалашықтар, бәрі-бәрі өткенімізбен келешегімізді байланыстыра отырып, барша мемлекеттер мен халықтарға тарихымыз туралы сыр шертуі керек.