С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ- дің «Теарталды кезеңнің» аясында, фармацевтикалық факультеттің «Фармация» мен «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» мамандықтарының 1-3 курс студенттерін осы факультеттің оқытушылары, әрі тюторлары А.Л. Ахелова, Д.К. Сатмбекова Т.Н. Парманкулова және факультеттің аға тьюторы Г.А. Алдибекова жетекшілігімен 2015 жылдың ақпан айының 24 және наурыз айының 16-шы жұлдызында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрына барды. Көрермендер назарына «Мөлдір махаббат», «Жүз жылдық махаббат» драмалық қойылымдары ұсынылды.
Режисердің жоғары кәсіби біліктілігі мен әртістердің дарыны бір арнада тоғысып, болып жатқан оқиғаның желісіне сендіре білді. «Жүз жылдық махаббат» драмалық қойылымының авторы Д.Исабеков кеш қонағы болды. Бұл қойылымнан студенттер алаш арысы, Қазақ елінің Пушкині атанған Мағжан Жұмабаевтың қамшының сабындай қысқа ғұмырындағы көрген қиыншылықтары мен азаптары ғана емес, сонымен қатар жары Злиханың арасындағы жүз жылдық махаббатынан үзінді тамашалады. Ақынды Кеңес үкіметі заманында «ұлтшыл» деп айыптап, репрессияға ұшыратты. Қазақ жерінің қайта тумас арыстарын қинап езгілеген бейнесін, жары Злиханың әр күні орны толмас қайғыға толы болғанын актёрлар жақсы сомдап келтірді. Қойылымда Мағжан арқылы репрессияға ұшыраған Сакен Сейфуллин,Бейімбет Майлин,Ілияс Жансүгіровтердің де аттары аталып өтті. Алайда бұл ақындарға қорқыныштысы, өлім емес, қазақтың сор маңдайына бостандықтың қашан келетіні, біз өлсек елдің жоғын кім жоқтайтыны маңыздырақ болды. Осылайша көзден жас емес, қан аққан, жүректері қазақ деп соққан ақын-жазушылардың өмірін жастарға қойылым арқылы жақсы жеткізе білді. Еріксіз көзге жас алған көрермендер, студенттер мен тьюторлар ризашылығын білдіру мақсатында қойылым авторы Д.Исабековке алғысын білдірді.
Әдемі тосын сюжеттік оқиғалар және күтпеген финал әркімге рухани азық болды деген сенімдеміз.