«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне» орай 22.12.2014 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Этикалық Кеңесінің «Тағзым» ұйымы, қазақ тілі кафедрасының доценті Т.Қ.Зайсанбаев пен осы кафедра оқытушысы Б.Н.Канленованың ұйымдастыруымен, Кәсіби тілдерді дамыту оқу департаменті, Әскери кафедра, Қазақстан тарихы және әлеуметтік пәндер кафедрасы мен Шетел студенттері факультеті деканаты және Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының Халық әндері кафедрасының қатысуымен «Арайлап таңым, асқақтап тауым …» атты кеш өтті. Кешке сонымен қатар Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университеті, музыка факультетінің студенттері де қатысты.
Кеш шымылдығын С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Этикалық Кеңесінің төрайымы, университет ректорының Кеңесшісі, профессор Ж.Ғ.Мұстафина ашты. Ол тәуелсіздік жолында құрбан болған Алаш зиялылары туралы тың деректерге толы, тартымды әңгімесімен студенттерді баурап алды. Екінші болып сөз алған Кәсіби тілдерді дамыту оқу департаментінің бастығы К.А.Булыгин студенттерді Тәуелсіздік күнімен құттықтай келе, М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген өлеңінен үзінді оқыды. Ол 1986 жылы КСРО сияқты алып империяның іргесін шайқалтқан жастар екенін алға тарта келіп: «Қазақстанның болашағы да, жастардың, сіздердің қолдарыңызда», – деп атап өтті. Бұдан кейін Қазақстан тарихы және әлеуметтік пәндер кафедрасының доценті К.Ә.Төлентаева «Ынтымақ пен бірлік – Тәуелсіздік тұғыры» атты мазмұнды баяндама жасады.
Кешті жалғастырған Қуатбек Лесбек, Манзура Сәтбай, Бауыржан Нүсіпханов сияқты университетіміздің жас ақындары Тәуелсіздік күніне арнап шығарған өлеңдерін оқыса, Ауғанстан Ислам Республикасынан келген студент Ғұлам Сарвар Салор М.Шахановтың «Төрт ана» атты өлеңін оқыды. Ал Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері А.Давлетияров, О.Қалқанов пен Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері Е.Жақыпбай, Қ.Өнерхан. Б.Амировтар әуелете ән салып, күмбірлете күй тартып кештің сәнін келтірді. Концерттік бағдарламаны ЖМ факультетінің I курс студенті Сержан Бабахан Б.Шүкеновтің «Отан – ана» әнін нақышына келтіріп орындап аяқтады.
Кешті қорытындылаған С.Ж.Асфендиров атындағы ҚазҰМУ-дың «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы, профессор И.Ә.Құлмамбет 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын түркі тілдес елдер азаматтарының қалай қабылдағыны туралы қызықты әңгіме айтты. Соңынан студенттер мен ұстаздарды Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтап, осы кештің өтуін ұйымдастыруға ат салысқан ұстаздар мен студенттерге алғысын білдірді.