Фармацевтикалық технология кафедрасында «Рәміздер рухы – Конституция күші» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді

2026 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Фармацевтикалық технология кафедрасында «Рәміздер рухы – Конституция күші» тақырыбында студенттермен ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді.

Іс-шараға Фармацевтикалық технология кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты. Шараның мақсаты – студент жастардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын арттыру, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген негізгі құндылықтарды түсіндіру, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау дағдысын қалыптастыру.

Шараны кіріспе сөзбен фармацевтикалық технология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Раганина К.Т. ашып, Мемлекеттік рәміздер күнінің қоғамдық және тәрбиелік маңызына тоқталды. Ол Ту, Елтаңба және Әнұранның ел тәуелсіздігін, бірлігін, егемендігін және азаматтық жауапкершілікті айқындайтын басты мемлекеттік белгілер екенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әр азаматтың Конституциялық міндеті екені түсіндірілді.

Іс-шараны фармацевтикалық технология кафедрасының лекторы Шуленова Г.К. жалғастырып, студенттерге Қазақстан Республикасы Конституциясының мемлекеттік рәміздерге қатысты нормалары бойынша ақпарат берді. Атап айтқанда, Конституцияның 9-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн екені көрсетілгені, ал 34-баптың 2-тармағында әркімнің Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті екені түсіндірілді.

Кездесу барысында кафедра оқытушылары мен студенттер Конституцияның қоғамдағы рөлі, заң үстемдігі, әділеттілік, бірлік пен ынтымақ, отаншылдық және азаматтық жауапкершілік мәселелерін талқылады. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету тек ресми рәсім ғана емес, елге, мемлекетке және оның негізгі құндылықтарына деген құрметтің көрінісі екені атап өтілді.

Іс-шара соңында студенттер мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызы, оларды ресми пайдалану және құрметтеу мәдениеті бойынша өз ойларын ортаға салды. Фармацевтикалық технология кафедрасы тарапынан ұйымдастырылған мұндай тәрбиелік бағыттағы кездесулер жастардың отансүйгіштік сезімін нығайтуға, құқықтық санасын қалыптастыруға және белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға ықпал етеді.