2026 жылы «Таза табақтан – таза қалаға» ұранымен өтетін Дүниежүзілік тазалық күні аясында және «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық экологиялық бастамасын қолдау мақсатында 20 қыркүйекте С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Фармация мектебінің №4 және №5 жатақханаларында тұратын студенттер экологиялық сенбілікке қатысты.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды және азаматтық жауапкершілікті нығайту.
Сенбілік барысында студенттер жатақханалардың айналасындағы аумақты, іргетас маңын, жаяу жүргіншілер жолдарын, автомобиль жолдарын және арықтарды қоқыстан тазартып, ретке келтірді. Бірлескен еңбектің нәтижесінде аумақ таза әрі көрікті болып, экологиялық акция студенттердің ұйымшылдығы мен командалық рухын нығайтуға ықпал етті.
Болашақ фармацевтер мен фармацевтикалық өндіріс технологиясы білім беру бағдарламасының студенттері тазалық әр адамның өзінен және өзі тұратын, білім алатын ортадан басталатынын іс жүзінде дәлелдеді. Осындай экологиялық бастамалар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырып, «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсаттарын қолдауға бағытталған.
