2026 жылғы 20 қазанда № 4 студенттік жатақханада Фармация мектебі кітапханасының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара «Оқитын ұлт» республикалық акциясы аясында өткізіліп, көрнекті ғалым, дәрігер және мемлекет қайраткері Санжар Жапарұлы Асфендияровтың туған күніне арналды.
Іс-шараның мақсаты – студенттердің зияткерлік дамуына, кітап оқуды насихаттауға және С. Ж. Асфендияровтың тарихи мұрасын сақтауға ықпал ететін заманауи білім беру және мәдени ортаны қалыптастыру.
Іс-шараға қатысушыларға Фармация мектебінің деканы Сакипова Зуриядда Бектемировна құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуындағы кітап оқу мен білімнің маңызын атап өтіп, білім алушылар үшін қолайлы білім беру және мәдени ортаны қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараға Фармация мектебі деканатының маманы Байтаева А. К., Ғылыми кітапхана басшысының кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Кыдыралинова Аяжан Нуртаевна, Ғылыми кітапхана басшысының автоматтандыру және әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Жумыкаев Алмас Сабыргалиевич, Фармация мектебінің түрлі кафедраларының аға кураторлары мен жауапты өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Бағдарлама аясында қатысушыларды көрнекті ғалымның өмірінің негізгі кезеңдерімен, қоғамдық қызметімен және ғылымға қосқан үлесімен таныстырған «С. Ж. Асфендияровтың өмірі мен ғылыми мұрасы» фильмі көрсетілді.
Іс-шараның мәдени бөлімі «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Исакожа Нурымның орындауындағы «Адай» күйімен жалғасты. Осы білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері поэзиялық қойылым ұсынды.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын ғалым, ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Талгат Ахметович Муминовтың авторлығымен жарық көрген «Микробқа қарсы дәрілер фармакологиясы» кітабының таныстырылымы тудырды.
Негізгі бағдарлама аяқталғаннан кейін қонақтар үшін кофе-брейк, жаңа кітапхана бойынша тақырыптық экскурсия және фотосессия ұйымдастырылды.
Кітапхананың ашылуы Фармация мектебінің өміріндегі маңызды оқиға болды. Жаңа кеңістік студенттердің өз бетінше дайындалуына, ой-өрісін кеңейтуіне, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруына және бос уақытын мазмұнды өткізуіне ықпал етеді.
Студенттік кітапхана Фармация мектебінің білім алушылары үшін білім, зияткерлік қарым-қатынас, шығармашылық бастамалар мен жаңа мүмкіндіктер орталығына айналады деп күтілуде.











