2026 жылғы 23 қазанда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Фармация мектебінде «Дәлелді фитофармакология – дәрілік препараттардың сапасы мен қауіпсіздігінің негізі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 17-мақсаты – «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» аясында ұйымдастырылды.
Семинарды Фармация мектебінің деканы, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Сакипова З.Б. құттықтау сөзімен ашып, өсімдік тектес дәрілік препараттардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі дәлелді фитофармакологияның маңыздылығына, фармацевтикалық өнімдерді стандарттау, фармакологиялық қадағалау және халықаралық талаптарды сақтау мәселелерінің өзектілігіне тоқталды. Ғылым, теория және практиканың өзара сабақтастығы мен бірлігінің маңызын ерекше атап өтті.
Іс-шараны С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Фармация мектебі, Фармацияның ұйымдастырылуы, басқарылуы және экономикасы және клиникалық фармация кафедрасы және «Бионорика» ЖШҚ бірлесіп ұйымдастырды. Семинарға Фармация мектебінің профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар, докторанттар, магистранттар және «Бионорика» компаниясының өкілдері қатысты.
Фармация мектебінің фармацияны ұйымдастыру, басқару және экономикасы және клиникалық фармация кафедрасының меңгерушісі, PhD, профессор Жакипбеков К.С. және «Бионорика» ЖШҚ медициналық кеңесшісі Ләззат Лукпанова алғы сөз сөйлеп, ғылыми білім мен фармацевтикалық тәжірибені ұштастырудың маңыздылығын атап өтті.
Семинар барысында фармакология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Хайитова М.Д. және «Бионорика» ЖШҚ өнімдер тобы бойынша менеджері Касимова А. дәлелді фитофармакологияның заманауи фармацевтикалық ғылымдағы рөліне тоқталды. Баяндамаларда өсімдік тектес дәрілік препараттардың тиімділігі мен қауіпсіздігін ғылыми тұрғыдан негіздеу, олардың сапасын қамтамасыз ету және дәлелді зерттеулердің нәтижелерін тәжірибеге енгізу мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар, кафедра ассистенті, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласының сарапшысы Капасова З.Ш. «Қазақстан нарығындағы өсімдік тектес дәрілік препараттардың сапасына қойылатын заманауи талаптар: стандарттау, фармакологиялық қадағалау және халықаралық талаптар» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада фармацевтикалық өнімдердің сапасын бақылаудың өзекті мәселелері, дәрілік заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық стандарттардың маңыздылығы талқыланды.
Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, қызықтырған сұрақтарын қойып, өсімдік тектес дәрілік препараттардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Аталған семинар университет пен фармацевтикалық сала өкілдері арасындағы ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастықты нығайтуға, жас зерттеушілердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға және дәлелді фитофармакология саласындағы білім мен тәжірибе алмасуға бағытталған маңызды алаң болды. Сонымен қатар, іс-шара Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы білім беру ұйымдары мен фармацевтикалық индустрия арасындағы әріптестіктің маңызын айқындады.





