«Салауатты өмір – саналы таңдау» тәлімгерлік сағаты

2026 жылғы 17 сәуір күні ФӨТ 23-001к, ФӨТ 23-002к топтарында есірткі, ішімдік, зиянды заттарға тәуелділіктің алдын-алу шаралары аясында «Салауатты өмір – саналы таңдау» тақырыбында тәлімгерлік сағат өтті.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында зиянды әдеттердің алдын-алу, олардың адам ағзасына тигізетін зардаптарды түсіндіру, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағыт беру болды.

Топ тәлімгері Айгүл Құдайбергенқызы Қалдыбаева іс-шараны ашу барысында зиянды заттардың қауіптілігіне жан-жақты тоқталды.

Топ білім алушылары өз қолдарымен салған плакаттармен, презентациямен есірткіге тәуелділіктің, ішімдіктің адам ағзасына тигізетін зиянын ашып көрсете білді. Сонымен қатар, білім алушылар өздері түсірген танымдық және тәрбиелік мәні бар бейнероликтер ұсынды. Білім алушылар мен оқытушылардан сұхбат алып, олардың нашақорлыққа деген көзқарастарын біліп қайтты. Инженерлік пәндер кафедрасының профессоры Қ. Сәлімжанұлы өз пікірінде жастар тәрбиесін ерте жастан бастау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының қауымдастырылған профессоры С.А. Шариповаға сөз берілді. Өз сөзінде ол зиянды заттарға жақындамау керектігін айта келе, жастарға жарқын болашақ тіледі.

Топ тәлімгері А.К. Калдыбаева әрбір адамның өз денсаулығына жауапты екенін ерекше атап өтіп, іс-шараны қорытындылады.