КАФЕДРА ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ МӘЛІМЕТТЕР

Ғылыми-техникалық прогрестің талаптарына сәйкес биотехнологияның қарқынды дамуы, микроорганизмдердің қалдықтарын антибиотиктерді ғана емес, сонымен қатар басқа да дәрілік заттарды (дәрумендер, ферменттер, полисахаридтер, амин қышқылдары, алкалоидтар) алу үшін пайдалану биотехнологиялық өндіріс саласында мамандарды даярлауға сұраныс туғызуда.

Биотехнология – адамға қажетті қасиеттері бар өсімдіктер мен жануарлардың жасушалары мен ұлпаларының микроорганизмдердің жоғары тиімді түрлерін өсіруге негізделген биологиялық процестер мен жүйелерді өнеркәсіпте пайдалану.

Биотехнология – организмдерді және олардың фрагменттерін (жасушаларды, ұлпаларды) культивирлеу арқылы адам үшін пайдалы өнімдер: емдік, диагностикалық препараттарды, әртүрлі шикізаттарды, өсімдіктер мен жануарларды қорғау құралдарын, сондай-ақ әртүрлі қалдықтарды (өнеркәсіптік, ауылшаруашылық, коммуналдық) кәдеге жаратуға (конверттеу) мүмкіндік беретін білім саласы.

Биотехнология медицинада, фармацевтикада, ауыл шаруашылығында, тамақ өнеркәсібінде және басқа да салаларда белгілі және перспективалы бағыт болып табылады. Биотехнология ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағытталған теориялық және қолданбалы ғылым ретінде болашағы зор.

«Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» және «Фармация» білім беру бағдарламалары бойынша білікті кадрларды даярлау үшін жалпы химиялық технология курсының да маңызы зор.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, 2022 жылғы қыркүйекте Фармация мектебінің құрылымдық бөлімшелерін жаңарту, оқу үдерісін қамтамасыз ету және жүзеге асыру мақсатында Қазақ ұлттық медициналық университеті басшылығының шешімімен Биотехнология және жалпы химиялық технология кафедрасы құрылды. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап кафедраны Ph.D доцент Жапаркулова Карлыгаш Алтынбековна басқарады.

Университеттің ең жас кафедрасында 2022-2023 оқу жылында «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша білім алған 50 студент биотехнология траекториясын таңдап, дипломдық жұмысын сәтті қорғап шықты.

2023-2024 оқу жылында кафедрада білім алушылардың пәндер тізбесі айтарлықтай кеңейтілді және студенттерде биотехнологиялық әдістермен алынған кез келген биологиялық белсенді қосылыстарды алудың бүкіл технологиялық тізбегі туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру үшін қажетті пәндер игеріледі.