ҚАЗҰМУ ФАРМАЦИЯ МЕКТЕБІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ «CAREER EXPO 2026» КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

2026 жылғы 21 қазанда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Фармация мектебінің Фармацевтикалық технология кафедрасының өкілдері – профессор, фарм.ғ.к Капсалямова Эльмира Николаевна, PhD, қауымдастырылған профессорлар Амирханова Акерке Шиынкуловна және Койлыбаева Молдир Кудайбергеновна Алматы қаласындағы Zerdeli International School Almaty мектебінде ұйымдастырылған «Career Expo 2026» кәсіби бағдар беру көрмесіне қатысты. Сонымен қатар іс-шараға кафедраның тәжірибелік базаларының бірі – «Келун-Казфарм» ЖШС атынан PhD, қауымдастырылған профессор Нокербек Шамшибану қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру, жоғары білім алу мүмкіндіктерімен таныстыру және фармацевтика саласындағы кәсіби даму перспективалары туралы ақпарат ұсыну.

Көрме барысында университет пен фармацевтикалық кәсіпорын өкілдері 9-11-сынып оқушыларына «Фармация» және «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламаларын таныстырып, олардың ерекшеліктері, оқу үдерісінде меңгерілетін негізгі пәндер, кәсіби құзыреттіліктер және болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.

Атап айтқанда, «Фармация» білім беру бағдарламасы аясында дәрілік заттардың қасиеттері, сапасы, қауіпсіздігі және тиімді қолданылуы туралы түсіндірілсе, «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» бағыты бойынша дәрілік препараттарды әзірлеу және өндіру технологиялары, заманауи өндірістік жабдықтар мен сапаны қамтамасыз ету жүйелерінің маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар түлектердің дәріханаларда, фармацевтикалық кәсіпорындарда, ғылыми-зерттеу зертханаларында және фармацевтикалық компанияларда кәсіби қызмет атқару мүмкіндіктері таныстырылды.

Кездесу барысында оқушыларға фармацевтика саласындағы ғылыми зерттеулер мен инновациялық технологиялардың даму бағыттары, халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламалары және ғылыми тағылымдамалар туралы мәлімет берілді. Іс-шара еркін пікір алмасу форматында өтіп, оқушылар мамандық таңдау, оқуға түсу талаптары және кәсіби даму мүмкіндіктері жөніндегі сұрақтарына жауап алды.

Аталған іс-шара оқушылардың фармацевтика саласына деген қызығушылығын арттыруға, болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға және білім беру ұйымдары мен фармацевтикалық өндіріс кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.