Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі”

2 қыркүйек – Ақорданың баспасөз қызметі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын жариялады.
Президент «Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды. Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық. Енді ортақ міндеттерімізді және сайлауалды бағдарламамды іске асыруға қатысты ой-пікірлеріме тоқталайын» дей отырып негізгі мақсаттарды атап өтті.
Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Жылдың ішінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және басқа да салаларда жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Осыған орай Университетіміздің ректоры, Қазақстан Республикасы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор Талғат Сейітжанұлы Нұрғожиннің басшылығымен көптеген іс-шаралар, елімізге белгілі тұлғалармен кездесулер өткізіліп жатыр.
16-қыркүйек 2019 жылы клиникалық фармакология кафедрасының меңгерушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Қайролла Дүйсенбайұлы Рахимовтың жетекшілігімен, медицина ғылымдарының докторы, доцент Калиева Мира Маратовна, кафедра докторанты Абуова Ж. және кафедра 1 курс резиденттерінің ұйымдастыруымен «Ішкі аурулар» университеттік клиникасында «Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы» атты салтанатты жиын өткізілді. Жиынға кафедра ұжымы мен студенттер қатысты.
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық университетінің клиникалық фармакология 1-курс PhD-докторанты Абуова Жанар, клиникалық фармакология 1-курс резиденттері Алиұлы Сұлтан және Утепова Салтанат жолдауға қатысты мемлекеттік әрі орыс тілдерінде баяндамалар жасап, негізгі қозғалған мәселерге:
I. Заман талабына сай тиімді мемлекет
II. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету
III. Қарқанды дамыған және инклюзивті экономика
ІV. Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі
V.Қуатты өңірлер- қуатты ел» баса назар аударып, тоқталып өтті.
Соның ішінде ІV-бөлімнің негізгі мақсаттарының бірі:
1. «Білім беру сапасын жақсарту. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан, «Дипломмен-ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Ғылым саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Біз ғылымсыз еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз» – деп көрсетілген. Осыған орай С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті де дипломмен ауылға бағдарламасы аясында интернатура және резидентура түлектерін шалғай елді-мекендерді дәрігерлермен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар атқаруда. Ғылым саласында да ерекше көңіл бөлінуде.
2. «Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету және 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатыны» жайлы мағлұматтар талқыланды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Рахимов Қайролла Дүйсенбайұлы жиынды қорытындылай келе «Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық», бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін дей отыра, қатысушыларға өз алғысын білдірді. Студенттер осы іс-шара барысында Президенттің жолдауын мұқият тыңдай отыра, жастарға қатысты көптеген жеңілдіктер қарастырылғанына аса зор мән беріп, қуаныштарын жеткізді. Сонымен қатар белсенді түрде волонтерлікпен айналысуға деген құлшыныстарында жасырмай, мемлекетеміздің одан әрі көркеюіне күш салатындарын дәлелді.