ҚазҰМУ Фармация мектебіне 70 жыл толды

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Фармация мектебі 70 жылдық мерей тойын атап өтуде. Аталмыш факультетке 1951 жылы АММИ (қазіргі ҚазҰМУ) алғашқы студенттер қабылданды. Бірінші түлектері – 50 білікті маман болды. Бұған дейін фармацевттер, фармациялық өндірушілер мен технологтар дәріханаларда немесе техникалық мектептерде қысқа мерзімді курстарда оқытылған. Фармацевтика факультетінің ашылуы еліміздің барлық фармацевтика саласының дамуындағы бетбұрыс кезеңі болды.

Қазіргі таңда Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Фармация мектебі – бұл озық әлемдік тәжірбиені академиялық, ғылыми және инновациялық қызметпен, жинақталған зертханаларды, үздік тәжірибелі профессорлары бар кафедраларды, сұранысқа ие мамандықтармен және Қазақстанның фармацевтикалық зауыттары және кәсіпорындарымен және бірқатар шетелдік серіктес кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастықты біріктіретін фармация мен фармацевтикалық технологиялардың ғылыми-академиялық жүйесі. Бүгінде Фармация мектебінде 3 мыңнан астам студент оқиды, ал оқуға түсу балы елдегі ең жоғары балл болып табылады.

1951 жылдан бастап ҚазҰМУ Фармация мектебі 10 мыңнан астам маман даярлады.

Фармация мектебі мамандарға 5 кафедрада бірнеше оқу бағдарламалары бойынша білім береді:

  • Фармацевтикалық технология кафедрасы
  • Фармацевтикалық және токсикологиялық химия, фармакогнозия және ботаника кафедрасы
  • Фармация басқару және экономикасы, клиникалық фармацияны ұйымдастыру, басқару кафедрасы
  • Инженерлік пәндер кафедрасы
  • Химия кафедрасы

 

«Құрметті әріптестер, қымбатты ардагерлер, тәлімгерлер және студенттер, Сіздерді Фармация мектебінің 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз. Біз ұзақ жолды еңсердік және бізге ұстаздарымыз, ұлы ғалымдарымыз сеніммен қалдырғанның бәрін ұқыпты алып келе жатқанымызды мақтан тұтамыз. Бүгінгі күні біздің мектеп алдыңғы қатарлы мектептердің бірі. 3000-нан астам студент фармация және фармациялық өндіріс технологиялары білім беру бағдарламалары бойынша білім алады. Тек бірлік, Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм, мамандыққа деген сүйіспеншілік бізді биік белестерге жетелейді. Мерейтой құтты болсын!»,- деп ҚазҰМУ Фармация мектебінің деканы Зуриядда Сакипова әріптестері мен студенттерді құттықтады.

Қазіргі таңда болашақ мамандарға университет қабырғасында білім берумен қатар өндірістердің өзінде білімнің практикалық қолданылуымен таныстыру қатар жүргізілуде. Дәрі-дәрмектерді дайындау – бұл өте стерильді жағдайларды, жоғары дәлдіктегі жабдықты және жүздеген қызметкерлердің орасан зор еңбегін талап ететін ерекше және өте күрделі үрдіс. Дәрі-дәрмек өндіретін қазақстандық және шетелдік кәсіпорындар үшін ҚазҰМУ Фармация мектебінде білім алған мамандардың орны ерекше. Қазақстандағы ең ірі зауыттардың бірі – «Фитолеум» ЖШС жұмысшыларының көпшілігі осы факультеттің түлектері. Бүгін мектеп Santo, Sanofi, Teva, Nobel, Polpharma, Bayer және басқа да танымал брендтер сияқты дәрі-дәрмек өндірушілерімен ынтымақтастық орнатқан.

Жалпы алсақ, ҚазҰМУ Фармация мектебінің тәжірибелік базалары Қазақстанның жетекші фармацевтикалық кәсіпорындары, «Химфарм» АҚ, «Медсервис Плюс», «Қазақ фармацевтикалық компаниясы», «Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығы», «VIVA Pharm», «Abdi Ibrahim Global Pharm», «ФитОлеум», «Дос-Pharm», «Dolche-Pharm», «Антиген» ҰКП, «Kelun-Kazpharm», «Дәрілік препараттар өндіруші» «Жаңафарм», Алматы қаласының дәріханалары сынды дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілер, сондай-ақ «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығы», Сот медицинасы орталығының Алматы филиалы болып табылады.

Факультет белсенді халықаралық ынтымақтастық жасайды. 2011-2021 жылдар аралығында Фармация мектебіне АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия және ТМД елдерінің 16 елінен 70-тен астам шетелдік мамандар, ғалымдар дәріс оқыды. Факультет кафедраларының штатында ТМД елдерінен 6 шетелдік ғалым жұмыс істеді.

Мектептің стратегиялық серіктес жоғары оқу орны – Санкт-Петербург мемлекеттік химия-фармацевтика университеті (СПГХФУ) болып табылады. Бұл Ресей мен Шығыс Еуропаның ғасырлық тарихы бар жетекші жоғары оқу орнының бірі, онда жыл сайын академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша, сондай-ақ гранттық қаржыландыру бойынша фармация мектебінің үздік студенттері мен магистранттары білім алады.

«ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ӨНДІРІС ТЕХНОЛОГИЯСЫ» мамандығы жұмысқа орналасу, әрі қарай кәсіби өсу және ғылыми мансап үшін ең қажетті және болашағы зор мамандық болып табылады.

2017 жылдан бастап 5В110300 «Фармация» мамандығы бойынша жоғары және орта білім базасында жеделдетілген және қысқартылған оқыту нысаны бойынша студенттерді қабылдау жүргізіледі. С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ медициналық және фармацевтикалық білім беру саласында көшбасшы болып табылады.

Фармацевтика саласының жоғары білікті мамандары болмаса инновациялық препараттарды жасау мүмкін емес. Қазақстан Республикасының фармацевтикалық өнеркәсібі қарқынды дамып келеді, әрине, оны мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін оған жаңа кадрлар, жаңа мамандар қажет. С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Фармация мектебі бәсекеге қабілетті препараттарды әзірлеу және өндіру үшін білімі бар дәл осындай мамандар легін дайындайды. Бүгінгі таңда Фармация мектебі заманауи фармацевтика саласының бір бөлігі болып табылады: бұл тарихы мен дәстүрі бай фармацевтикалық кадрлардың республикадағы алғашқы мектебі.

Университеттің Фармация мектебі 70 жылдық нәтижелі жұмыс барысында фармацевтикалық өндіріс саласында он мыңдаған жоғары білікті мамандарды тәрбиеледі. Бүгінде факультет қол жеткізген жетістіктерінде тоқтамай, үздіксіз дамуға бет алмақ. Жетекші мамандандырылған оқу факультетінің жоспарында Қазақстанның және шет елдердің жетекші фармацевтикалық өндірушілерімен ынтымақтастықты арттыру, оқытудың жайлылығын арттыру және ең батыл білім беру шешімдерін іске асыру бар. Мұның бәрі қазіргі және болашақ студенттердің игілігі үшін жасалып жатқан үрдістер.