«Рухани жаңғыру», «Қоғам қайраткері – Бірімжанов Батырбек Ахметұлы жарты ғасыр бойы өзінің бар күшін химияға, шәкірттері мен жоғары білімге сарп еткен жан» туралы ашық тәлімгерлік сағат өтілді

10 мамыр 2018 жылы 103 аудиторияда «Рухани жаңғыру», «Қоғам қайреткері – Бірімжанов Батырбек Ахметұлы жарты ғасыр бойы өзінің бар күшін химияға, шәкірттері мен жоғары білімге сарп еткен жан туралы ашық тәлімгерлік сағат өтілді.

Өткізілген орын: 10 мамыр 2018 жыл, 103 аудитория

Ұйымдастырушы: Химия және фармацевтикалық пәндер кафедрасынында тәрбие жұмысына жауапты Шекеева К.К.

Мақсат: Студенттерді Отанды сүюге, өз елін, тарихын білуге, жалпыадамзаттық құндылықтар мен терең көзқарастарды сіңіру арқылы таным белсенділіктерін арттыруға бағыттау.

Бағдарламаға сәйкес студенттерге елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы туралы видоролик көрсетілді.

Алда әлі ұзақ жол, үлкен асулар бар. Сол асулар мен қиындықты жеңу үшін білектің күші мен найзаның ұшы керек емес. Оған тек жүрек пен білім, талант пен талап керек. Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін үстем етер, әлем таңғалар, талай-талай жаңалық ашар білімділер керек. Осы Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңіне жалғайтын , қазақ елінің ертеңі, болашағы үшін жауап беретін бүгінгі ұрпақ екенімізді сезінейік. “Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан!”- деп Ұлы ақын Абай атамыздың сөзімен, Бірімжанов Батырбек Ахметұлы сияқты .ғалым, жан-жақты тұлға ретінде қалыптасу, мамандығына адал қызмет атқару – әрбір саналы азамат борышы.

Батырбек Ахметұлы Бірімжанов білімпаз ғалымдығымен қатар, химия дәуірін көзге елестетер ғажап адам болды. Оның ғалым, тәлімгер және ғылым мен білім ұйымдастырушысы ретіндегі жарқын бейнесін есте сақтау үшін қайталанбас тұлғаның мол ізденістен туған еңбектерін ыждаһаттылықпен жалғастыру қажет.

Қазақстандық көрнекті ғалым-химик, республика жоғары білімі мен ғылымының ірі ұйымдастырушысы, шығармашылықтың шыңы іспеттес болған Батырбек Ахметұлы Бірімжанов бұрынғы Самара губерниясының Бузулук қаласында 1891 жылғы 10 желтоқсанда дүниеге келген. Бастауыш білімді әйгілі Алтынсарин мектебінде алып, орта мектепті Қызылордада бітірген. Ол 1928 жылы Халық білімі тәжірибелік институтының (ПИНО) студенттері санатына еніп, 1932 жылы Қазақ педагогикалық институтының химия бөлімін бітіріп шықты. Әкесі Ахмет Қорғанбекұлы белгілі заңгер, Мемлекеттік Думаның депутаты, «Алаш» партиясының қайраткері, кеңес дәуірінде халықтық әділет комитетінің алқа мүшесі, Қазақстан Жоғарғы сотының мүшесі қызметтерін атқарған. Анасы Гүлжауһар Әлмұхамедқызы Әбілқайыр ханның шөбересі.

Еңбек жолын студент кезінде-ақ бастаған Б. Бірімжанов 1930 жылы Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Ақмола өңіріндегі Нұра ауданы бойынша сауатсыздықты жою жөніндегі төтенше өкілі болған, ал 1931 жылы Халық ағарту комиссариатының өкілі ретінде Шалқар ауданында міндетті бастауыш білім беру мен ұйымдастыру ісімен айналысты. 1934 жылғы қаңтардан бастап Б. Бірімжанов Қазақ мемлекеттік университетінде қызмет етті. Ал 1936 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің аспиранты болып қабылданды. Алғашқы ғылыми ізденістерін профессор С.А.Щукаревтің жетекшілігімен бастады. ҚазМУ-ға оралған соң Батырбек Ахметұлы осы оқу орнының қабырғасында ассистент, аға оқытушы (1940), доцент (1948), кафедра меңгерушісі (1954), профессор (1965) қызметтерін абыроймен атқарды. Оның үстіне ҚазМУ-да химияның қазақ тілінде оқытыла бастауы да профессор Б. Бірімжанов еңбегінің нәтижесі. Ол 1940 жылдан бастап ұстаздық қызметпен қатар Қазақстанның химия өнеркәсібі үшін зор маңызы бар ғылыми проблемалармен айналысты. Ә.Б.Бектұровпен бірлесе ізденіп, енді ғана ашылған Қаратау фосфориттерін қышқылсыз қайта өңдеу мүмкіндіктерін зерттеді.

1946 жылы «Қазақстандық шикізаттан термофосфаттарды алудың оңтайлы жағдайлары» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. 1952 жылы Балқаштың мыс балқыту комбинатында күкірт натрийін шығарудың үздіксіз өндірісі әдісін ендірді. 1954 жылдан бастап ҚазМУ-дың бейорганикалық химия кафедрасының меңгерушісі, сонымен бірге 1980 жылға дейін 26 жыл бойы химия факультетінің деканы болды.

Б. Бірімжанов оқыту әдіскері ретінде де танылған азамат. Он жыл бойы (1963-1973 жж.) ол Қазақ КСР Білім министрлігінің химия жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңесін басқарды, сонымен бірге кеңестік химиктердің ұлттық комитеті (ИЮПАК) жанындағы жоғары білім мәселелері жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болды.

Оның жетекшілігімен 36 кандидаттық және 5 докторлық диссертация қорғалды. Ол қайтыс болған соң тағы 6 шәкірті кандидаттық диссертация қорғады.Б. Бірімжановтың жеке өзі және онымен бірлескен қызметкерлері 900-ге жуық ғылыми еңбек, соның ішінде 17 монография шығарды. Ғалым республиканың орта және жоғары мектептеріне арналған 10 оқулықты қазақ тіліне аударып, 6 оқулықты редакциялады. Оның 20 ғылыми-әдістемелік жұмысы жарық көрді.