2026 жылғы 12 қазанда сағат 16:00-ден 17:00-ге дейін Фармация мектебінің Журнал клубы аясында Сергей Варнавскийдің қатысуымен онлайн шеберлік сабағы өтеді. Сергей Варнавский – химия ғылымдарының кандидаты, Elsevier компаниясының Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірі бойынша Life Sciences департаментінің директоры. Қатысушылар іс-шараға №1 оқу корпусының 224-кабинетінде (Фитотека) қосыла алады.
Шеберлік сабағының бағдарламасында екі өзекті тақырып қарастырылады:
«Ғылыми мақаланың кейінгі тағдыры: жарияланымдар әлемдік ғылыми жүйенің бір бөлігіне қалай айналады»
Тақырып аясында ғылыми мақала жарияланғаннан кейін қандай үдерістерден өтетіні, зерттеу нәтижелерінің әлемдік ғылыми-ақпараттық кеңістікке қалай интеграцияланатыны және ғылыми жарияланымдардың зерттеу нәтижелерін тарату мен одан әрі пайдаланудағы рөлі қарастырылады.
«Жасанды интеллекттің ғылыми әдебиетпен өзара әрекеттесуі: PDF-құжаттарды талдаудың шектеулері және оларды еңсеру жолдары»
Ғылыми әдебиетпен жұмыс істеу барысында жасанды интеллектті пайдаланудың заманауи мүмкіндіктері, PDF форматындағы толық мәтінді жарияланымдарды талдауға байланысты шектеулер және оларды еңсеру тәсілдері талқыланады.
Шеберлік сабағы докторанттарға, магистранттарға, жас ғалымдарға, сондай-ақ ғылыми зерттеулермен, жарияланымдар дайындаумен және заманауи ғылыми әдебиетпен жұмыс істеумен айналысатын барлық қатысушыларға пайдалы болады.
Баршаңызды Фармация мектебі Журнал клубының онлайн шеберлік сабағына қатысуға шақырамыз!