ҒЫЛЫМ МЕН ТӘЖІРИБЕ ТОҒЫСЫНДА

Болашақ фармацевтикалық өндіріс мамандарын даярлау

Теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру — болашақ маманның кәсіби құзыретін қалыптастырудың маңызды негізі. 2026 жылғы қазан айында С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Фармация мектебінің «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын 2-курстың тоғыз тобы Фармация және фармакология орталығына барды. «Дәрілік препараттар өндірісіне кіріспе» оқу практикасы аясындағы кездесулер әр топ үшін бекітілген кестеге сәйкес жеке өткізілді.

Б. Атшабаров атындағы ғылыми-зерттеу институтының ғимаратында өткен кездесулерде орталық басшысы Лилия Николаевна Ибрагимова студенттерді орталықтың қызметімен және зертханалық базасымен таныстырды. Өнімнің құрамы мен технологиясын әзірлеу, сапасын бағалау және ғылыми нәтижелерді тәжірибеге енгізу мәселелеріне назар аударылды. Бұл танысу студенттерге фармацевтикалық өнімді әзірлеу кезеңдерінің өзара байланысын, ғылыми негізділік пен кәсіби жауапкершіліктің маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

Химия және фармакогнозия ғылыми-практикалық бақылау-талдау зертханасының жетекшісі Бақтияр Ордабекұлы Минбаев зертханалық жабдықтардың мақсаты мен қолданылу ерекшеліктерін түсіндірді. Ғалым өзінің ғылыми және оқу еңбектерімен таныстырып, кәсіби және өмірлік тәжірибесінен туындаған кеңестерімен бөлісті. Мазмұнды тәлімгерлік әңгіме студенттерге ғылыми ізденістің, білімге адалдықтың және таңдаған мамандыққа жауапкершілікпен қараудың мәнін ұғынуға ықпал етті.

Кездесу барысында фармакопеяның мазмұны, дәрілік заттардың сапасын қамтамасыз ету жүйесіндегі орны және фармакопеялық монографияларды әзірлеудің негізгі қағидаттары түсіндірілді. Студенттер дәрілік заттардың сапасына қойылатын талаптар мен сынақ әдістерін қамтитын ресми стандарттар жинағының маңызымен танысты. Бұл бөлім фармацевтикалық өндірістегі сапаның ғылыми зерттеулермен, талдау әдістерімен және нормативтік талаптармен байланысын ашып көрсетті.

Инженерлік пәндер және тиісті практикалар кафедрасы тарапынан оқу практикасы кафедра меңгерушісі К. К. Кожанованың басшылығымен, практикаға жауапты А. К. Ибадуллаеваның үйлестіруімен және практика жетекшісі А. К. Байдуллаеваның жетекшілігімен жүргізілді.

Кафедра ұжымы Лилия Николаевна Ибрагимоваға, Бақтияр Ордабекұлы Минбаевқа және орталық қызметкерлеріне мазмұнды таныстыруы мен кәсіби тәжірибесімен бөліскені үшін алғыс білдіреді. Зертханалық ортамен танысу және мамандармен тікелей пікір алмасу студенттердің теориялық дайындығын толықтырып, ғылыми ізденіске қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

Орталықтағы кездесу және зертханалық базамен танысу