QS World University Rankings аясында ҚазҰМУ мен Bandung Institute of Technology серіктес жоғары оқу орындары арасындағы табысты интеграция, «7М07201 – Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша академиялық ұтқырлық

2026 жылғы ақпан–маусым айлары аралығында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Фармация мектебінің «7М07201 – Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасының 10 магистранты International Academic Mobility Program аясында халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысты.

Оқу Bandung Institute of Technology (Institut Teknologi Bandung, ITB, Индонезия Республикасы) базасында өтті. Университет Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі болып табылады және QS World University Rankings 2026 рейтингі бойынша әлемнің үздік 250 университетінің қатарына кіреді. Бағдарламаның жүзеге асырылуы QS World University Rankings рейтингіне енген серіктес университеттер арасындағы академиялық интеграция мен халықаралық ынтымақтастықтың табысты дамуының нәтижесі болып, магистранттардың фармацевтикалық технологиялар саласындағы ғылыми-зерттеу және кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталды.

Бағдарламаны ұйымдастыру және ғылыми сүйемелдеуді Bandung Institute of Technology университетінің профессоры Дарионе Хади (Darione Hadi) жүзеге асырды. Ол оқу үдерісін үйлестіріп, магистранттарға ғылыми-консультациялық қолдау көрсетіп, тағылымдама кезеңінде зерттеу жобаларының орындалуын жетекшілік етті.

Тағылымдама барысында магистранттар дәрілік өсімдіктердің фитохимиялық құрамы бойынша заманауи ғылыми әдебиеттерге шолу жасап, биологиялық белсенді қосылыстардың үшөлшемді (3D) құрылымдарын құрып, олардың геометриясын оңтайландырды, молекулалық докинг жүргізуге арналған молекулалық нысандарды дайындады, лигандтардың нысана-ақуыздармен байланысу энергиясын бағалады, перспективалы қосылыстардың ADMET-сипаттамаларын (абсорбция, таралу, метаболизм, экскреция және уыттылық) болжады, сондай-ақ олардың әлеуетті биологиялық белсенділігін бағалау мақсатында алынған нәтижелерге салыстырмалы талдау жүргізді.

Тағылымдама қорытындысы бойынша зерттелетін қосылыстардың оңтайландырылған 3D-модельдері алынып, молекулалық модельдеу нәтижелеріне талдау жүргізілді, ғылыми есептер мен орындалған жобалардың презентациялары дайындалды.

Барлық қатысушылар халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасын сәтті аяқтап, халықаралық сертификаттарға ие болды. Алынған білім, практикалық дағдылар және ғылыми-зерттеу тәжірибесі магистрлік диссертацияларды орындауда, ғылыми жарияланымдар дайындауда және бірлескен халықаралық ғылыми-білім беру жобаларын іске асыруда пайдаланылатын болады.

Фармация мектебі магистранттарының халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысуы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен Bandung Institute of Technology арасындағы білім беру және ғылыми әлеуеттің тиімді интеграциясының айқын дәлелі болды. Бағдарламаны жүзеге асыру магистранттардың кәсіби және зерттеушілік құзыреттерін қалыптастыруға, ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға және білім беру үдерісін халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне кіріктіруге ықпал етеді.