2026 жылғы 17 қыркүйекте Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен ALT Университетінде «Career Time 2026» жыл сайынғы кәсіби бағдар беру фестивалі өтті.
Аталған іс-шараға С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің өкілдері, соның ішінде Фармация мектебінің қызметкерлері қатысты.
Фестивальдің негізгі мақсаты – жастарға білім алу, кәсіби бағыт таңдау, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы ақпарат беру және жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға жағдай жасау.
Іс-шара барысында жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарының өкілдері жастарға өздерінің білім беру бағдарламалары, кәсіби даму және мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, түрлі кәсіби бағыттар бойынша пайдалы мәліметтермен танысты.
Қазақ ұлттық медицина университеті және Фармация мектебі үшін мұндай іс-шаралар жастарға медициналық және фармацевтикалық білім мен мамандықтың мүмкіндіктерін таныстыруға, талапкерлермен кәсіби бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді.
«Career Time 2026» фестивалі жастардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына және кәсіби дамуына бағыт-бағдар беретін мазмұнды алаң болды.



